Новости

Аппарат Акима Жамбылского района / НОВОСТИ

Елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық әрекеттерінің көбеюі жасырын емес. Бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы: қарақшылық пен ұрлық, дене жарақатын келтіру мен төбелес, бұзақылық, өз-өзіне қол жұмсау деректері көптеп тіркелуде. Әлеумет арасындағы болып жатқан осындай келеңсіз жайттардың шешімін іздеу мақсатында ұйымдастырылған бұл жиынды аудан прокуроры А.С.Майлыбаев жүргізді. Аудан әкімі М.С.Бигелдиевтің қатысуымен болған кеңес жиналған қауымды тәртіп бұзушылыққа жол бермеу мақсатына негізделді.

— Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекетіміздің басты мақсаты,-деп бастады сөзін аудан прокуроры Айдос Серікханұлы – Біз аудан бойынша кәмелеттік жасқа толмаған барлық жасөспірімдердің жасаған қылмыстық істерін анықтап, тергеумен жиі айналысамыз. Сол кездегі жүргізілген жұмыстардың нәтижесі – қылмыстық жолдарға баратын азаматтардың басым көпшілігі жасөспірімдер екені анықталып отыр. Кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысының мұндай әрекеттерге баруына түрлі оқиғалар себеп болуы мүмкін, бірақ сол себептерді анықтап, осындай жағдайларға жол бермеу үшін арнайы мамандар жұмыс істейді. Мәселен, ата-анадан бастап, мектеп директорлары, олардың оқу ісінің меңгерушілері, сынып жетекшілері мен мектеп психологтары, сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлім аталған мәселе жөнінде қарқынды жұмыс істеуі керек. Ал бүгінде жасыратыны жоқ, мектеп мұғалімдері мен сынып жетекшілері өз сыныбындағы қылмыстық жазаға тартылған оқушының бұзақылық әрекеттерге не себептен барғандығынан, оның қандай отбасында тәрбиеленіп жатқандығынан бейхабар. Мұндай проблемалармен мектеп директорлары да бастарын қатырып артық жұмыс істегілері келмейді. Мектеп психологтары туралы айтпай-ақ қоюға болады. Бүгінде асылып қаза болу жағдайлары да көптеп кетті. Әсіресе, бозбалалар қатары. Олар жоғары сынып балалары тарапынан қысымшылық көріп, бойындағы мұң қайғыны ішінде сақтап қалу салдарынан психикалық шырмауға түсіп, өз-өзіне қол жұмсауға барады. Арқан жіпке асылып мерт болған баланың ісімен айналысып, тергеу жүргізу де қиынға түседі. Сол себептен, көп жағдайда белгісіздік салдарынан істі тоқтатуға тура келеді. Ал егер де мектептегі психолог мамандары өз оқушылары жөнінде қандай да бір ақпаратты білсе, онда заң қызметкерлеріне де қозғалған істі жүргізуге оңай түсер еді, – деп өз уәжін білім беру саласының қызметкерлеріне ашына айтты.

Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жағдайына біраз шолу жасаған прокурор ендігі тақырыпты «домалақ арыздарға» бұрды. Анығырақ айтар болсақ, жасырын түрде билік басшылары мен әділет органдарына түсетін анонимді хаттар. Қарабайыр тілімізге салсақ, «шағым хаттар» деп те атауға болады. Аудан прокуроры мен аудан әкімінің алдына түсетін шағым хаттардың басым бөлігі аудандық білім беру басшылығы мен мектеп директорлары, одан қалса аудан әкімдігіндегі қызметкерлерге бағытталатын көрінеді. Бұл жөнінде алдымен аудан әкімі М.С.Бигелдиев:
“Арыз жазатын болсаңыздар, анықтап жазыңыздар. Міндетті түрде шағымыңыздың кімге бағытталғанын, оның жасаған әрекеттерінің айыбы неде екенін анық көрсетіңіздер. Ондай жағдайда сенім телефонына хабарласыңыздар”,-деді аудан әкімі. Осы сәтте аудан прокуроры А.С.Майлыбаев та әкім сөзін жалғастырып: «Анонимді арыз жазушылардың ісі заңмен талқыланбайды. Себебі, онда нақты шағым беруші мен шағымы бағытталған азаматтың іс-әрекеттері нақты көрсетілмейді. Бұл заң қызметкерлерінің жұмысын бөгейтін болғандықтан, сіздерден сұрайтыным, анонимді арыз берсеңіздер міндетті түрде арыз берушінің толық аты-жөнін көрсетіңіздер. Заң талаптарына сәйкес, анонимді арыз берушінің аты-жөні әділет басқармасында жасырын түрде сақталады» деп домалақ арыз иелеріне ескерту жасап, «2-30-77» сенім телефон нөмірін берді. Сонымен қатар, аудандық білім беру бөлімінде біраз заң бұзушылықтардың көрініс алып отырғанын айтып, прокурор аудандық білім беру бөлімінің бастығы Л.Бәкіровадан жоғарыда айтылған психолог мамандарының жұмысы мен мектеп директорларының сыбайлас жемқорлыққа барғандығы туралы өткір сауалдарын қойды. «Сыбайлас жемқорлықпен айналысып, заң бұзушылық үстінде құрықталған мектеп директоры қайтадан келесі бір мектепке директор бола алады деген заңда жоқ нәрсе. Ал ондай жағдайлардың біздің ауданда көптеп кездесетіні рас. Бір ғана мысал, Ж ауылының мектеп директоры сыбайлас жемқорлықпен ұсталған. Ал енді ол бүгінде аудандық білім беру бөлімінің шешімімен С ауылына ауыстырылып, сонда мектеп директоры қызметін жалғастыруда. Мұны қалай түсіндіресіз?» деп ақиқаттың анығына көшті. Бұл жағдайды алдағы уақытта қарастырамыз деген жауаппен шектелген аудандық білім беру бөлімінің бастығы өз орнына отырды.
Аудан прокуроры А.С.Майлыбаев жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтардың қадағалануы жүйесіне ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау, әділет органдары, халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саласының іске асырылуын үйлестіретін мемлекеттік орган, жергілікті өкілді және атқарушы орган, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар және өз құзіреті шегінде өзге де мемлекеттік органдарға жүктелгендігін айтты. Осыған байланысты Жамбыл ауданының прокуратурасымен 2010 жылдың 1- тоқсан жоспарының 6 тармағына сәйкес, аталған заңның орындалуы және жасөспірімдер арасындағы қылмысқа талдау жасалған.

Талдау барысында аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшенің 2009 жылғы жұмысы тексеріліп, қосымша аудан көлемінде жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол сұғып өлімге бару фактілері зерттелген екен. Бұл туралы нақты ақпаратты аудан прокурорының орынбасары А.Бақышев баяндады: «2009 жылы Жамбыл ауданы бойынша жасөспірімдер арасында 14 қылмыстық іс тіркелген. Олардың арасынан 6 қылмыс бойынша алдын-ала тергеу органдарымен жасы кәмелетке толмаған 4 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ал 8 қылмыс бойынша алдын-ала тергеу органдарымен қылмыстық заң талаптарына сай, қылмыстық істі қозғаудан бас тарту шешімі қабылданған. Жасөспірім балалардың өз-өзіне қол жұмсау арқылы өлімге бару, олардың өмірде тәжірибесі аз, ақыл дерті тұрақталмаған, жастық шақпен түрлі нәрселерге ой толғауына ықпал етпеген біріншіден, ата-анасының, білім беру саласындағы ұстаздардың, құқық қорғау органдарының жіберіп отырған кемшілігі деп білу керек. Ал 2010 жылдың 1 тоқсанында жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс әзірге тіркелген жоқ» – деп мәлімдеді.

А.Бақышевтың баяндамасын Жамбыл АІІБ КТІЖБ-нің бастығы полиция майоры Б.Құрамысов жалғастырды: — “Ауданымыздағы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жағдайы бойынша қылмыстың алдын алу барысында бірлескен жоспарлар жасалды. Әр әкімшілік аумағында ата-аналар мен мұғалімдер, әкімшілік пен ардагерлер, бастауыш ұйымдарының мүшелері тарапынан барлық селолық поселкелік округтерде. “Ерікті тәртіп сақшылар тобы” құрылды. Әр мектептерде оқушылар арасында “Полицияның жас достары тобы” құрылып, бірлесіп, іс-шаралар жұмыстары жүргізілуде. Ауданымыз бойынша әр ауылда ата-аналармен мұғалімдер тарапынан күнделікті сағат 19.00-ден, 24,00-ге дейін кешкі рейдтер жүргізілуде. Қазіргі кезде Жамбыл АІІБ-нің бастығы плиция подполковнигі Б.Д.Келгенбаевтың бұйрығымен аудан көлеміндегі әр мектептерге учаскелік полиция инспекторлар, жедел уәкілдер, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің учаскелік инспекторлары мен мектеп инспекторлары бекітілгеніне қоса, аудан мектептерін алты аймаққа бөліп, әр аймаққа АІІБ-ң бөлімше басшылары бақылауға беріліп, АІІБ-нің бастығының орынбасарлары жауапты болып бектіліп,жоспар бойынша жұмыс атқаруда. Болашақта жұмысты бұдан да жақсы жаңдандыру үшін Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігінің мектеп инспекторлары туралы 2005 жылдың 211 маусымындағы №372 бұйрығына сәйкес, әр мектеп инспекторының қарауына 2000 оқушыдан аспауына байланысты қосымша мектеп инспекторларына 4 штат және аймақтық учаскелік инспекторына 2 штат, психолог маманына 2 штат ашылуына ықпал етулеріңізді сұраймыз,-деп баяндамасын аяқтады.

«Жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа бейімді болуының басты ұйытқысы олардың бос уақытында пайдалы еңбекпен қамтылмағандығы, заңға мойынсұнушылық мінез-құлқының қалыптаспағандығы, олардың бойына имандылық пен салауатты өмір салтының берік негіздерін дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелердің болмауы, жалпы білім беретін оқу орындарында қол жетерлік спорт секциялары, техникалық және өзге де үйірмелер, клубтар болмағандығы болып саналады. Аталған қоғам кемшіліктерін жою мәселесі сіздер мен біздердің басты мақсатымыз. Сондықтан, сіздер болып біздер болып, көпшілік болып заң бұзушылықпен бірлесе күресейік-деді аудан прокуроры.

Әйгерім ИМАНҒАЛИЕВА

comment

Комментирование этой статьи закрыто.